Тайсон Фьюри мен Энтони Джошуаның жекпе-жегі өтетін орын және гонорары белгілі болды
Британиялық ауыр салмақтағы боксшылар Тайсон Фьюри мен Энтони Джошуаның жекпе-жегі 11 желтоқсанға жоспарланған. Қос боксшының бұл кездесуден алатын жалпы гонорары шамамен 200 миллион доллар болады.
The Athletic басылымының мәліметінше, көптен күтілген жекпе-жек Уэльстің астанасы Кардифф қаласындағы «Миллениум» стадионында өтеді.
Кездесуді өткізу орнына қатысты келіссөздер ұзаққа созылып, жекпе-жектің ұйымдастырылуына бірнеше рет қауіп төнген. Қаржыландыруға жауапты тараптар шоуны Нью-Йоркте өткізуді ұсынған. Фьюри АҚШ-та жұдырықтасуға дайын екенін білдіргенімен, Джошуа мен оның промоутері жекпе-жектің Ұлыбританияда өткенін қалаған.
Нәтижесінде тараптар ымыралы нұсқа ретінде Уэльсті таңдаған. Кардиффтегі стадионның жылжымалы шатыры желтоқсанда ауқымды бокс кешін өткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар арена техникалық тұрғыдан жекпе-жекті түнгі уақытта бастауға қолайлы. Бұл халықаралық көрермендер мен телетрансляция аудиториясына ыңғайлы болмақ.