Дат боксшысы алдағы кездесудің мансабындағы орны ерекше екенін атап өтті
Даниялық боксшы Якоб Банк қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен өтетін чемпиондық жекпе-жекке қатысты пікір білдірді. Кәсіпқой мансабында әлі жеңілмеген боксшының айтуынша, айқастың 2027 жылдың қаңтарында Копенгагенде ұйымдастырылуы оған дайындықты жүйелі жоспарлауға мүмкіндік береді.
Екі боксшы WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы бос тұрған әлем чемпионы белбеуі үшін жұдырықтасады. Бұған дейін жекпе-жек желтоқсан айында өтеді деген болжам болған. Кейін тараптар келіссөздерді аяқтап, кездесуді келесі жылдың қаңтарына жоспарлаған.
Якоб Банк TV Syd телеарнасына берген сұхбатында мерзімнің кейінге шегерілуін оң бағалайтынын жеткізді. Оның сөзінше, мұндай деңгейдегі айқасқа дайындалу үшін жаттығу жоспарын ғана емес, отбасы мен командасының жұмыс кестесін де үйлестіру қажет.
«Жекпе-жектің қаңтарда өтетініне қуаныштымын. Екі кішкентай балам бар, үлкен командаммен де бәрін келісіп алуым керек. Енді мұның бәрін реттеуге жеткілікті уақыт бар. Сонымен қатар оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жекпе-жекті жарнамалауға және көп билет сатуға мүмкіндік туады. Бұл өте жақсы», – деді дат боксшысы.
Банк келісімге келу оңай болмағанын да жасырмады. Оның айтуынша, келіссөздер бірнеше аптаға созылып, тараптардың ортақ шешімге келетіні соңғы күнге дейін белгісіз болған.
«Кеше келіссөздердің соңғы күні еді. Сондықтан жаңалықты алаңдап күттім. Бокста ештеңеге алдын ала толық сенімді бола алмайсың. Бірақ кеше кешке маған тараптардың бәрін келісіп, ортақ шешімге келгенін хабарлады», – деді ол.
Дат боксшысы алдағы кездесудің мансабындағы орны ерекше екенін атап өтті. Бұл айқас спорттық маңызымен қатар, қаржылық тұрғыдан да ол үшін ең ірі жекпе-жек болмақ. Соған қарамастан, Банк туған елінде жанкүйерлерінің алдында өнер көрсету мүмкіндігін басты құндылықтардың бірі ретінде бағалайды.
«Бұл – мансабымдағы ең маңызды жекпе-жек әрі ең жоғары гонорар. Дегенмен мен үшін ақша ешқашан бірінші орында болған емес. Ең маңыздысы – жекпе-жектің өзінен алатын сезім. Мұндай айқастың Данияда өтетініне сену қиын», – деп түйіндеді ол.
Қазіргі таңда екі боксшы да кәсіпқой рингте жеңілістің не екенін білмейді. Якоб Банк 20 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, 11 қарсыласын нокаутпен тоқтатқан. Ал Жәнібек Әлімханұлы 17 кездесудің бәрінде басым түсіп, оның 12-сін мерзімінен бұрын аяқтаған.
WBO ұйымы чемпиондық айқасты британдық Хамза Шираз екінші орта салмақтағы белбеуден бас тартқаннан кейін бекітті. Жекпе-жек 2027 жылдың қаңтарында Копенгагенде өтеді деп жоспарланғанымен, нақты күні әзірге жарияланған жоқ.