«Алдымен чемпион бол деді, енді қатыспайсың дейді»: Жас боксшы Бақыт Сәрсекбаев туралы айтып, министрден көмек сұрады

Арман Мырсабит министрге жолдаған үндеуінде жастар құрамасындағы мәселе туралы айтты

Арлан Олжабай
Арлан Олжабай

Қазақстан жастар құрамасының мүшесі, Қазақстан чемпионы және Азия ойындарының күміс жүлдегері Арман Мырсабит Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа үндеу жасап, жарыстарға іріктеу барысындағы жағдайды шешуге көмектесуді сұрады.

Жас боксшының айтуынша, оған Қазақстан жастар құрамасының бапкері Бақыт Сәрсекбаев Азия ойындарына қатысу үшін алдымен Бекзат Саттарханов турнирінде жеңіске жету керектігін айтқан. Арман бұл талапты орындап, аталған жарыста чемпион атанған. Кейін Македонияда өткен халықаралық турнирде де топ жарған.

Алайда боксшының сөзінше, одан кейін іріктеу кезеңінің келесі шарттары ұсынылып, ол Түркістан облысында өтетін спаррингтерге қатысуға келіскен. Жаттығу жиыны барысында бірнеше күнге құрамадан шеттетіліп, кейін қайта шақырылғанын айтады. Соған қарамастан, соңғы спаррингте жекпе-жекке шығуға мүмкіндік берілмегенін жеткізді.

Арман Мырсабит министрге жолдаған үндеуінде осы жағдайға араласып, мәселенің шешілуіне ықпал етуді сұрады.

«Құрметті Ербол Қуантайұлы! Мен - Арман Мырсабит, Қазақстан жастар ұлттық құрамасының мүшесімін. Қазақстан чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері және халықаралық турнирлердің жеңімпазымын. Бақыт Сәрсекбаев ағайымыз Азия ойындарына қатысу үшін Бекзат Саттарханов турнирінде жеңіске жетуіміз керектігін айтты. Мен сол турнирде чемпион болдым. Кейін Македонияға барып, халықаралық жарыста да бірінші орын алдым.

Одан соң Түркістан облысында спаррингтер өтетінін айтты. Оған да келістім. Жаттығу жиыны кезінде мені бірнеше күнге жіберіп, кейін қайта шақырды. Жекпе-жекке шығатынымды айтты. Бірақ кеше спарринг кезінде мені рингке шығармай қойды. Соңына дейін күттім, алайда жұдырықтасуға мүмкіндік берілмеді. Кейін маған жарысқа бармайтынымды айтты.

Осы мәселені шешіп берулеріңізді сұраймын», — деді жас боксшы.

Айта кетейік, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев қазіргі уақытта Қазақстан жастар ұлттық бокс құрамасын жаттықтырады. Ол бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында әлем чемпионатына қатысатын негізгі үміткерлерді анықтау мақсатында өткен іріктеу спаррингтері туралы жазба жариялаған болатын.

«Ойланып көріңізші: 38 бала. 38 үміт. 38 отбасы, бапкер, команда. Ал сол 38 баланың ішінен тек 10-ын ғана таңдау керек. Мұндайда қателесуге, көзіңді тайдыруға, біреуге іш тартуға, біреуді сырт қалдыруға арың жібермейді. Мұнда қиянатқа орын жоқ», — деп жазған еді Бақыт Сәрсекбаев.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам