Ниязымбетов үздік әуесқой боксшылар рейтингінде 92-орынға жайғасты
Қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетов британдық сарапшы Мэтт Робинсон жасаған тарихтағы үздік әуесқой боксшылар рейтингінде 92-орынға жайғасты. Бұл тізімге барлық дәуірдегі үздік 150 боксшы енген.
Робинсон Ниязымбетовтің жетістіктерін ғана емес, оның қарсыластарының деңгейін, шаршы алаңдағы тұрақтылығын және жоғары дәрежелі жарыстарда көрсеткен шеберлігін де жоғары бағалаған.
«Әділбек Ниязымбетов — қазіргі дәуірдегі үздік әуесқой боксшыларды бағалау кезінде ерекше назар аударуға тұрарлық спортшылардың бірі. Оның жүлделер қоржыны әсерлі: Олимпиада ойындарының екі күмісі, әлем чемпионаттарының екі күмісі және Азия чемпионаттарының екі алтыны бар. Алайда оның мансабын жоғары бағалау үшін бұл көрсеткіштердің өзі жеткіліксіз», — деп жазды сарапшы Instagram парақшасында.
Мэтт Робинсонның пікірінше, қазақстандық боксшының басты артықшылығы — мықты қарсыластармен тең дәрежеде жұдырықтасып, ең жоғары деңгейдегі жарыстарда бірнеше рет табысты өнер көрсетуі. Ниязымбетов халықаралық аренада танылған Элшод Расулов, Карлос Гонгора, Александр Гвоздик, Ойбек Мамазулунов және Теймур Мамедов секілді боксшыларды жеңген.
Сарапшы қазақстандық боксшының мансабына кубалық Хулио Сесар Ла Круспен бәсекелестігі де әсер еткенін атап өтті. Ниязымбетов ірі халықаралық жарыстардың финалына төрт рет шығып, соның үшеуінде дәл осы қарсыласына есе жіберген.
Соған қарамастан, Робинсон Ниязымбетов Ла Крусты басқа жарыстарда жеңгенін де ескерген. Оның пайымдауынша, бұл екі боксшының текетіресі қазақстандық спортшының кубалық қарсыласына мүлде төтеп бере алмағанын емес, шешуші финалдарда басымдықты сақтап қалу қиын болғанын көрсетеді.
Британдық сарапшы Ниязымбетовтің бокс мәнеріне де ерекше тоқталған. Оның аяқпен жұмыс істеуі, шабуылға қолайлы сәтті дәл таңдауы, алдыңғы қолын әртүрлі қолдануы және қарсы шабуылға шеберлігі қарсыластарына өздеріне ыңғайлы қарқынмен жұдырықтасуға мүмкіндік бермеген.
Робинсон қазақстандық боксшыны жетістіктерінің жиынтығы, қарсыластарының деңгейі, жоғары деңгейдегі жарыстарда ұзақ уақыт өнер көрсетуі және техникалық шеберлігі үшін бірқатар Олимпиада және әлем чемпиондарынан жоғары қойғанын жеткізді.
Сондай-ақ сарапшы 81 келіге дейінгі салмақтағы қазақстандық боксшыларды салыстырып, Ниязымбетовті Олимпиада чемпионы Василий Жировтан жоғары бағалайтынын айтқан.
Айта кетейік, Әділбек Ниязымбетов — Қазақстан боксының көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 2012 жылғы Лондон және 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиада ойындарында күміс медаль жеңіп алған. Сонымен қатар әлем чемпионаттарында екі рет күміс жүлдеге ие болып, Азия чемпионаттарында екі мәрте алтын медаль алған.