Енді ол келесі аптада Дакарда (Сенегал) өтетін жасөспірімдердің жазғы Олимпиадасында да ел намысын қорғайтын болады
Будвада (Черногория) өтіп жатқан жастар арасындағы (U19) әлем чемпионатында қазақстандық Бибарыс Әшірбай 70 келіде күміс жүлдегер атанды.
Финалда отандасымыз Ирландия боксшысы Джон Донохуемен жұдырықтасқан болатын. Жекпе-жек 0:5 есебімен аяқталды.
Айта кету керек, Ирландия боксшысы кадеттер арасында әлем чемпионы және Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы болып үлгерген.
Бибарыс Әшірбай болса финалға дейін Аргентина, Аустралия, АҚШ және Өзбекстан боксшыларын жеңген болатын. Ол бұған дейін Таиландтағы Futures Cup және U19 Азия чемпионатында топ жарды. Енді ол келесі аптада Дакарда (Сенегал) өтетін жасөспірімдердің жазғы Олимпиадасында да ел намысын қорғайтын болады.