IBA.PRO нұсқасы бойынша чемпиондық белбеу сарапқа салынады
Өзбекстандық боксшы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматов филиппиндік Родерик Баутистамен чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады. Жекпе-жек 4 желтоқсанда Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін IBA President's Cup турнирінің аясында ұйымдастырылады.
52,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтетін кездесуде IBA.PRO нұсқасы бойынша чемпиондық белбеу сарапқа салынады. Он раундқа жоспарланған айқас бокс кешінің басты жекпе-жегі болмақ.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 3 миллион АҚШ долларын құрайды. Ерлер арасындағы жарыста 12 салмақ дәрежесі бойынша медальдар сарапқа салынады. Алтын жүлдегерге 100 мың доллар, күміс жүлдегерге 50 мың доллар, қола медаль иегеріне 25 мың доллар беріледі.
33 жастағы Хасанбой Дусматов – Өзбекстан боксының ең табысты өкілдерінің бірі. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында топ жарып, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ оның еншісінде 2023 және 2025 жылдардағы әлем чемпионаттарының екі алтын медалі бар. Бұған қоса, Азия ойындарында жеңіске жетіп, Азия чемпионы атағын үш рет иеленген.
Кәсіпқой бокста 2019 жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқан Дусматов осы уақытқа дейін жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның бесеуін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Ал қарсыласы Родерик Баутиста да әзірге жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Филиппиндік боксшы кәсіпқой рингте өткізген 10 кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, жетеуінде қарсыласын нокаутқа түсірген.
Бокс кешінде қазақстандық Садриддин Ахмедов (15-0-1, 13 KO) ресейлік Сергей Лубковичке (20-1-2, 12 KO) қарсы жұдырықтасады. Бірінші орта салмақтағы (69,9 келі) рейтингтік жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған. Бұдан бөлек, Түркия өкілі Керем Өзмен (63,5 келі) венгриялық Роланд Галошпен алты раундтық кездесу өткізеді.
Әйелдер боксынан да жекпе-жектер ұйымдастырылады. Париж Олимпиадасының қатысушысы, тәжікстандық Мижигона Самадова 57,2 келіде Замбия өкілі Лина Касвекамен алты раунд бойы жұдырықтасады.