Головкин басқаратын World Boxing ұйымы Ресейді толыққанды мүшелікке қабылдады

Путин Украинаға соғыс ашқалы бері әлемдік спорт ұйымдары Ресейді барлық жарыстан шеттеткен

olympic.kz
olympic.kz

Ресейдің бокс федерациясы халықарадық World Boxing ұйымының толыққанды мүшесі атанды. Бұл туралы федерацияның ресми сайтында хабарланды.

Мұндай шешім 20 қарашада World Boxing ұйымының Панамада өткен IV жыл сайынғы конгресінде қабылданды. Ресейді толыққанды мүшелікке қабылдауға мемлекеттердің көпшілігі дауыс берген.

World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкин болса конгресс жұмысын қорытындылай келе, Ресейдің толыққанды мүше болғанына оң бағасын берді.

Конгресс жұмысының нәтижесінде, ұйымға толыққанды мүше болуға өтінім берген 47 ұлттық федерацияның бәрі мүшелікке өтті. Енді World Boxing-нің құрамында 170 мемлекет бар.

Ресейдің бокс федерациясы биыл наурызда ұйым құрамына қабылданған болатын. Алайда, ол кезде толыққанды мүше емес еді, яғни дауыс беру құқығы жоқ-тын.

Айта кету керек, 2022 жылдан бері Украинада басқыншылық соғысын жүргізіп жатқан Ресей Федерациясын әлемдік спорт ұйымдары жарыстардың бәрінен шеттеткен болатын. Алайда, 2026 жылы кейбір спорттық федерациялар мен қауымдастықтар ресейлік спортшылардың жарысқа қатысуына рұқсатын берді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам