Америкалық Lindy’s Sports басылымы осы турнирде октагонға шығатын әрбір жұпқа болжам жасады
Бүгін Катар астанасы Дохада кезекті UFC турнирі өтеді деп жоспарлануда. Бұл кеште қазақтың қос файтері жекпе-жек өткізеді. Атап айтқанда, аса жеңіл салмақта Асу Алмабаев жапон Кёдзи Хоригутимен, жартылай ауыр салмақта Дияр Нұрғожай америкалық Алика Лоренцпен төбелеседі.
Америкалық Lindy’s Sports басылымы осы турнирде октагонға шығатын әрбір жұпқа болжам жасады. Қазақ файтерлеріне қатысты пікірі төмендегідей:
«Асу Алмабаев пен Кёдзи Хоригути арасындағы жекпе-жек бүгінгі UFC кешінің ең үздігіне айналуы мүмкін. Өйткені, екеуі де жеңіл салмақтың ең мықтылары. Хоригути аяқта тұрып төбелесуде Алмабаевтан мықтырақ, сондықтан ол ұпай санымен жеңіске жетуі мүмкін.
Нұрғожай болса қара күштің иесі. Нокаутер. Оның үстіне Лоренцтің UFC-де тәжірибесі жоқ, Нұрғожайда бар. Бұл да жекпе-жек кезінде маңызды роль атқарады. Сондықтан, Дияр бірінші раундта қарсыласын нокаутпен жеңіп, жеңісті сериясын үш жекпе-жекке жеткізуі тиіс», - деп жазды аталған басылым.