«Челси» қазақстандық футболшыға жаңа клуб іздеуге кірісе ме?
Тоқаев Өзбекстаннан келген боксшыға Қазақстан азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойды
Өзбекстан құрамасының бұрынғы боксшысы Саят Ілиясов Қазақстан азаматтығын алды. Бұл туралы спортшының бапкері Ердос Жанабергенов мәлімдеді. Енді боксшы халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсете алады.
Бапкердің айтуынша, Мемлекет басшысы Саят Ілиясовқа Қазақстан азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойған. Құжаттың шыққаны белгілі болған бойда спортшының құжаттары көші-қон полициясына тапсырылған.
«Президентіміздің жарлыққа қол қойғаны туралы жаңалықты естідік. Сол сәтте көші-қон полициясына барып, барлық құжатын өткіздік. Қандастарымызға көрсетілген қолдау мен жұмыстың жедел атқарылғаны үшін алғысымды білдіремін», – деді Ердос Жанабергенов.
Қазір Саят Ілиясов Түркістан облысындағы «Алматау» базасында Қазақстан құрамасымен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Боксшы желтоқсанда Ташкентте өтетін Әлем кубогының финалдық кезеңіне қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне дайындық барысында көмектесіп жүр.
Айта кетейік, Саят Ілиясов Қазақстанға тарихи отанының намысын қорғау үшін 2026 жылдың қаңтар айының соңында көшіп келген. Алайда азаматтық алу мәселесі ұзаққа созылып, боксшы қарашада өткен Қазақстан чемпионатына қатыса алмады.
Өзбекстан құрамасы сапында Ілиясов 2022 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында қола, 2023 жылы құрлық біріншілігінде күміс медаль жеңіп алды. Ал 2025 жылы 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионы атанып, сол жылы IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында Өзбекстан атынан өнер көрсетті.