«Челси» қазақстандық футболшыға жаңа клуб іздеуге кірісе ме?
Джозеф Паркер 2016–2018 жылдары WBO чемпионы болған, кейін Энтони Джошуаға есе жіберген
Аса ауыр салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы, ұлыбританиялық Даниэль Дюбуа (24-3) чемпиондық белбеуін екінші рет қорғайды.
Оның келесі қарсыласы — осы титулдың бұрынғы иегері, жаңазеландиялық Джозеф Паркер (36-4).
Жекпе-жек 2027 жылдың 30 қаңтарында Ұлыбританияның Манчестер қаласындағы «Co-op Live» аренасында өтеді.
Дюбуа 2026 жылы Фабио Уордлимен екі мәрте жұдырықтасып, екеуінде де айқын басымдықпен жеңіске жетті. Мамыр айында қарсыласын 11-раундта тоқтатып, WBO белбеуін иеленсе, қазандағы қарымта кездесуде небәрі екінші раундта мерзімінен бұрын жеңді.
Ал Джозеф Паркер 2016–2018 жылдары WBO чемпионы болған, кейін біріктіруші жекпе-жекте Энтони Джошуаға есе жіберген еді. Ол соңғы рет рингке 2025 жылдың қазанында шығып, сол Фабио Уордлиден 11-раундта техникалық нокаутпен ұтылды. Сол кездесуден кейін Паркердің сынамасынан кокаин ізі табылып, боксшы уақытша шеттетілген болатын. Биылғы тамызда жаза мерзімі аяқталып, рингке оралуға рұқсат алды.
Паркер титулдық айқас алдында 28 қарашада Дюссельдорф қаласында бабын байқап көру үшін аралық жекпе-жек өткізеді. Оның қарсыласы әзірге белгісіз.
Айта кетерлігі, қос боксшы 2025 жылдың ақпанында-ақ кездесуі тиіс еді. Ол кезде IBF белбеуіне иелік еткен Дюбуа айқасқа санаулы күн қалғанда сырқаттанып, жекпе-жектен бас тартқан, ал Паркер оның орнын басқан Мартин Баколемен жұдырықтасқан болатын.