Ол Олимпиада жолдамасы үшін тағы бір бағын сынап көрмек
Астанада бокстан Олимпиаданың лицензиялық турниріне іріктеу спаррингтері өтіп жатыр. Ерлер арасында 63,5 келіде Мұхамедсабыр Базарбайұлы Ертуған Зейнуллинді жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Жекпе-жек тартысты өткенімен, Мұхамедсабырдың басымдығы байқалды. Үш раундтың нәтижесінде төрешілер жеңісті 4:1 есебімен астаналық боксшыға беріп отыр.
Айта кетейік, М.Базарбайұлы жуырда ғана Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен лицензиялық турнирге қатысып, ширек финалда жеңілген болатын. Осылайша ол Олимпиада жолдамасын алу мүмкіндігінен айрылған. Енді Мұхамедсабыр Тайланда өтетін соңғы лицензиялық турнирге барып, өз бағын тағы бір рет сынап көруге бел байлап отыр. Ол үшін аталған спаррингтік турнирде қарсыластарын жеңіп шығуы тиіс.