Өзбекстан бұл жарысқа бірінші номерлі боксшыларын алып келген жоқ
Бүгін Астанада бокстан «Елорда кубогы» турнирі басталады. 13-18 мамыр аралығында ересектер арасында өтетін сынға Қазақстан құрамасынан 59 боксшы қатысады.
Айтулы додаға Өзбекстан, Моңғолия, Иран, Үндістан, Жапония, Марокко, Әзірбайжан, Тәжікстан, Корея, Қырғызстан және Қытай командалары қатысқалы отыр. Сондай-ақ, елордада оқу-жаттығу жиынын өткізген Қазақстан ерлер командасы Париж Олимпиадасына қатысатын 6 боксшынының да әлеуетін байқап көрмек.
Бұл сында ерлер 48, -51, -54, -57, -60, -63,5, -67, -71, -75, -80, -86, -92, +92 келі салмақ дәрежелерінде өне көрсетеді.
Ал әйелдер құрамасы -48, -50, -52, -54, -57, -60, -63, -66, -70, -75, -81, +81 келіде бақ сынайды.
Еліміздің бокс федерациясының мәліметінше, жүлдегер атанған боксшыларға ақшалай сыйақы беріледі. Әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға – 700, екінші орынға – 400, үшінші орынға – 200 АҚШ доллары көлемінде қаржы қарастырылған.
Сондай-ақ, бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан Махмұд Сабырхан, Серік Теміржанов, Асланбек Шымбергенов, Райыс Нұрқанат, Қамшыбек Қоңқабаевтар шаршы алаңға шығатын болады.