Қырғыз боксшысы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартқан
Бокстан аса ауыр салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаев Астанадағы «Елорда кубогін» сәтті бастады. Қазақстан құрамасының мүшесі бірінші жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтады.
Қамшыбектің қарсыласы қырғыз боксшысы Бектұр Алимбек Уулу болған. Екінші раундта ол жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Айта кетейік, Қамшыбек – Қазақстан құрамасы сапында ең алғаш болып Олимпиада лицензиясын алған боксшы. Ол – әлемнің екі дүркін, Азияның төрт дүркін күміс жүлдегері.
Сондай-ақ, бүгін жарыс жолына шыққан Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Серік Теміржанов та бірінші айналымнан сүрінбей өтті.
Астанадағы «Елорда кубогі» 13-18 мамыр аралығында болады. Оған әлемнің 11 елінен 170 боксшы қатысуда.