Бұған дейін шымкенттік ақсақалдар ақ батасын берген
Париж Олимпиадасының басталуына санаулы күндер қалды. Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы айтулы сынға дайындығын пысықтап жатыр. Мырзағали Айтжанов бастаған команда жақын күндері Алматыдан Парижге аттанады. Спортшылар маңызды дода алдында ата-дәстүр бойынша қариялардан бата алуды бастаған.
Бұған дейін әлеуметтік желіде шымкенттік ақсақалдардың бапкер мен боксшыларға бата беріп жатқан видеосы тараған еді. Енді Жамбыл облысының қариялары капитан Асланбек Шымбергеновке сәттілік тіледі. Үлкендердің бірі ақ батасын да берді.
Видеодан «быт-шытын шығарып, жеңіп кел, құдалыққа бара жатқан жоқсың», - деген сөзді де естуге болады.
Айта кетейік, биылғы Олимпиада ойындары 26 шілде - 11 тамыз аралығында Франция астанасы Париж қаласында өтеді. Мұнда 32 спорт түрінен жүлде таратылады. Әлемнің 200-ден аса мемлекетінен келетін спортшылар 306 жүлде жиынтығын сарапқа салады.
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы 7 салмақтың барлығында қатысады. Асланбек Шымбергенов ел намысын 71 келіде қорғайды.