ЖБ Шоу! #3 Жаңа шығарылым!

Бибосынов vs Дусматов: сарапшылар өзбек боксшысын фаворит деп атады

18.07.2024, 00:18

Букмекерлер Өзбекстан боксшыларын Парижден кемі екі алтын медальмен қайтады деп болжап отыр

Бибосынов vs Дусматов: сарапшылар өзбек боксшысын фаворит деп атады
Қазақстан бокс федерациясы

Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына санаулы күндер қалды. Әлемдік бокс сарапшылары болса әр салмақ дәрежесінде жарыстың фавориттерін анықтауда. Бұған дейін +92 келіде өзбекстандық Баходир Жалоловтың чемпион боларына еш кедергі жоқ екені айтылса, дәл осындай болжам Хасанбой Дусматовқа (51 кг) қатысты да жасалып отыр. Яғни, Өзбекстан боксшылары кемі екі алтын медаль иеленеді дейді бокс мамандары.

Айта кету керек, Жалолов та, Дусматов та бұған дейін Олимпиада ойындарында топ жарған. Осы жолы тағы алтын алып жатса, Өзбекстан тарихында Олимпиаданың алғашқы екі дүркін чемпионы атанады.

Хасанбой Дусматов әуесқой бокстағы барлық жетістікке қол жеткізген. Ол Рио Олимпиадасында топ жарғаннан кейін Азия, әлем чемпионаттарында жеңімпаз атанды. Сонымен бірге, Олимпиада ойындарында Вел Баркер Кубогын иеленген әзірге соңғы боксшы. 

Сонымен қатар, кәсіпқой бокста бақ сынаған өзбек өкілі шаршы алаңда өткізген 6 жекпе-жектің барлығында жеңіске жеткен. Бұдан бөлек, оны The Ring журналы өз салмағында үздік 10 боксшының қатарына қосты. 

Айта кететін жайт, Дусматов 2013 жылдан бері ересектер бәсекесінде Қазақстан боксшыларымен бірнеше рет кездесті. Ол Біржан Жақыповтан әлем чемпионатында және Астана турнирінде ұтылса, кейін Олимпиада ойындарында жеңіп алды. Бұдан бөлек, Сәкен Бибосынов екеуінің арасында ерекше бәсеке өрбіп келеді. Отандасымыз былтыр Өзбекстан боксшысына Азия ойындарының іріктеу кезеңінде төрешілер шешімі бойынша жол берген еді.

Сондай-ақ, букмекерлік кеңселер боксшының Парижде чемпион атану мүмкіндігі 2,7 коэффициентке бағалаған. Ал отандасымыз Сәкенге 4,4 кф ұсынылып отыр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам