Осымен төрт боксшы жарыс жолынан шығып қалды
Париж Олимпиадасында әйелдер боксынан 75 келіде бақ сынаған Валентина Хальзова алғашқы жекпе-жегінде панамалық қарсыласынан жеңіліп қалды.
Панама боксшысы Афейна Билонмен Олимпиада шаршы алаңында жұдырықтасқан әлем чемпионы үздіксіз шабуылдаған еді. Алайда, нәтижесінде төрешілер ұпай саны бойынша тең есепті тіркеп, жеңісті Латын Америкасының өкіліне ұстатты.
Осылайша Олимпиадада әйелдер боксынан өнер көрсетіп жатқан үш боксшының арасынан Хальзова алғашқы болып лектен шықты. Ол осы турнирде 75 келіде мүмкіндігі мол боксшының бірі саналған еді.
Бұған дейін бокстан Қазақстан құрамасынан Асланбек Шымбергенов (71 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг) жарысты аяқтаған. Енді ерлер арасында – төрт, қыздар арасында екі боксшымыз жарысты жалғастырады.