Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Қазақ боксшылары жеңіліп жатқанда Головкин «босқындармен» кездесті

02.08.2024, 12:35

Қазақстанның ерлер құрамасында небәрі екі боксшы жарысты жалғастырып жатыр

Қазақ боксшылары жеңіліп жатқанда Головкин «босқындармен» кездесті
x.com/PointCommsLee

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, кәсіпқой бокстан орта салмақта экс-әлем чемпионы Геннадий Головкин босқындар құрамасы сапында өнер көрсеткен боксшы Синди Нгамбамен кездесті.

Нгамба Олимпиадада сенсация жасап, 1/8 финалда 2022 жылғы әлем чемпионы канадалық Таммара Тибоны жеңіп кеткен еді.

Осы жекпе-жектен соң Синдимен Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах пен GGG жолықты. Екеуі жеңімпазды құттықтап, суретке түсті.

Синди Нгамба Камерун елінің тумасы. 11 жасынан бері Ұлыбританияда тұрады. Оның бірақ британиялық азаматтығы жоқ, сондықтан босқындар құрамасы сапында өнер көрсетіп жатыр.

Айта кетейік, кеше Қазақстанның екі боксшысы жұдырықтасып, екеуі де жарыстан шығып қалды. Айбек Оралбай (-92 келі) мен Мұхамедсабыр Базарбайұлының (63,5 келі) жеңілісіне жанкүйерлердің біразы төрешілерді кінәлауда. Осы ретте Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинге де боксшылардың мүддесін қорғауда әлсіздік танытып жатыр деген сын айтылды.

Өз кезегінде ҰОК екі жекпе-жек бойынша да ұйымдастырушыларға шағым түсіргендерін мәлімдеді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам