“1bol.kz” сайтын қолдағаныңыз - қазақша сапалы контентке жаныңыз ашығаны! Дауыс беріңіз

Боксшыларымыз Парижге қыдырып қайтуға барған жоқ – Әділбек Ниязымбетов

06.08.2024, 09:11

Ол қазақ боксшыларын сынап жатқандарға жауап берді

Боксшыларымыз Парижге қыдырып қайтуға барған жоқ – Әділбек Ниязымбетов
ҰОК

Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, қазақ боксшыларын көктен алып, жерге салып жатқандарға жауап берді.

Боксшы жарыстан көз алмай қарап отырғанын және төрешілер тиісті ұпай бермей бұра тартқанын айтады.

«Өз басым төрешілер жағынан бұра тартушылық болды деп есептеймін. Жарысты бастан-аяқ қарап отырмыз. Жігіттердің қай-қайсы да жақсы өнер көрсетті. Тіпті, ұтылды дегеннің өзінде, тең дәрежеде жұдырықтасып жатты. Қарсыластарының да ешқандай артықшылықтарын байқамадым. Жігіттеріміз бар күш-жігерін салды. Боксшыларымыз Париж Олимпиадасына жеңілейін, қыдырып қайтайын деп барған жоқ», – дейді Әділбек Ниязымбетов.

Ол Нұрбек Оралбайдың алтын алатынына сенім білдірді.

«Қалай болмасын, қазақ боксшыларын олай көктен алып, жерге салуға болмайды. Осыған дейін талай Олимпиада ойындарында қаншама алтын жүлделерімен елді айдай әлемге паш етті. Ешқандай ойындардан жүлдесіз қалып көрген жоқ. Токиода ғана алтынсыз қалғанымыз болмаса, өзге ойындарда қашан алтынсыз келіп еді. Міне, бұйырса Нұрбек Оралбай да алтын алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан, осындай бір сәтсіздіктерді аласапыран дүниеге айналдырып, қазақ боксын күресінге лақтыра салуға болмайды», – дейді боксшы.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам