Алаңда жан тапсырған футболшылар. Жаңа шығарылым!

«Бақыт Сәрсекбаев – әлемдік деңгейдегі боксшы»: әйгілі Деметриус Андраденің 2007 жылғы сұхбатынан

30.11.2023, 22:20

Қос боксшы Бейжің олимпиадасының финалында кездесуі мүмкін еді

«Бақыт Сәрсекбаев – әлемдік деңгейдегі боксшы»: әйгілі Деметриус Андраденің 2007 жылғы сұхбатынан
коллаж: 1bol.kz

Бүгінде кәсіпқой бокста атой салып жүрген америкалық Деметриус Андраде кезінде әуесқой спортта қазақ Бақыт Сәрсекбаевты өзінің басты қарсыласы санаған. Ол Бейжің олимпиадасының финалында отандасымызбен кездесіп, өзара мықтыны анықтауымыз мүмкін деп болжаған көрінеді.

Олай деп отырғанымыз, Бейжің олимпиадасы алдында «New York Times» газеті 2007 жылы Чикагода 69 келіде әлем чемпионы атанған Деметриус Андрадеден алған сұхбатты жариялаған еді. Сол жолы АҚШ спортшысы Бақыт Сәрсекбаевқа жоғары бағасын берген. Сондай-ақ, алдағы Олимпиадада қазақ боксшысы өзінің басты қарсыласы болуы мүмкін екенін айтады.

«Неліктен Бақыт? Ол әлем чемпионатын ұтпады, тек екі рет Азия чемпионаты мен бір рет Азия ойындарын ғана ұтты ғой…» деген сұраққа Андраде: «Бақыт – әлемдік деңгейдегі спортшы», деп бір ауыз сөзбен ғана жауап берген.

Айта кететін бір жайт, 2008 жылдың ақпан айында АҚШ-тың спортты зерттеу орталықтарының бірі 69 келіде Бейжің олимпиадасының финалында қазақ Бақыт Сәрсекбаев пен америкалық Деметриус Андраде кездеседі деп болжам жасаған. Сонымен бірге, бұл салмақта жеңімпаз атануы мүмкін спортшы ретінде Америка боксшысының есімі аталған. 

Алайда, Бейжің олимпиадасының ширек финалында Андраде Афины олимпиадасының қола жүлдегері – оңтүстіккореялық Ким Чон Джуға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Айта кететін тағы бір жайт, сол жылы АҚШ-тың спортты зерттеу орталығы Бейжің Олимпиадасында 64 келіде қазақстандық Серік Сәпиев пен тайландтық Манус Бунжамног, 75 келіде Бақтияр Артаев пен ресейлік Матвей Коробов финалда кездесіп, қазақ боксшылары жеңеді деп болжам жасалған.

Еске салайық, Деметриус Андраде қазір кәсіпқой бокста супер орта салмақта өнер көрсетіп жүр. Соңғы жекпе-жегін ол өткен аптада жерлесі Хосе Бенавидеске қарсы өткізіп, техникалық нокаутпен жеңілді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам