Екеуі бір жыл бұрын да жұдырықтасқан болатын
Осы аптадағы ең ерекше бокс кеші Мехикода (Мексика) өтеді. Жексенбіге ауған түні бокстағы супержұлдыз америкалық кіші Флойд Мэйвезер мен Нью-Йорк гангстерінің немересі Джон Готти III жұдырықтасады.
Осы орайда қарсыластар салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Кәсіпқой бокс мансабын аяқтағанына қарамастан 47 жастағы Мэйвезер бірнеше көрсетілім кездесу өткізді. Бұл жолғы қарсыласымен салмақ айырмашылығына қарамастан жұдырықтасамыз деп шешім қабылдаған.
Осылайша, Мэйвезер таразыда 72,9 келіні көрсетсе, оның 31 жастағы отандасы Готти 82,3 келі болған.
Былғары қолғап шеберлері бір жыл бұрын АҚШ-та кездескен. Ол кезде шоуды төреші уақытынан бұрын тоқтатып, боксшылардың командалары, сосын көрермендер бір-бірімен төбелісіп кеткен еді.