Маурисио Почеттино Титаникке билет алды. МЮ – футбол қасапшысы

Чемпионшипке “Сити” клубынан бұрын МЮ барып алуы ғажап емес

Alex Grimm/Getty Images
Alex Grimm/Getty Images

Ағылшын футболында “Ноттингем Форест”, “Лидс Юнайтед” сияқты алыптар болған. Уақыт өте ұлылығынан айырылып, қазір ортаңқол командаға айналды. “Манчестер Юнайтед” клубын да осындай тоқырау күтіп тұр ма? Әңгіме осы жайлы.

Майкл Кэррик отставкасы. Клубқа қиын жағдайда келіп, кризис-менеджер рөлін орындаған қаһарман. Маусым ортасынан ауғанда келіп, АПЛ-да 17 мачтың 12-ін жықты (3 тең матч). Әрине, клуб ол кезде барлық турнирден шығып қалған болатын. Қарсыластарының бәрі зорығып, бірнеше фронтта қатар шауып жатқан кез. Майкл Кэррик осы сәтті ұтымды пайдаланып, команда маусымды қола жүлдемен тәмамдады. Бәрінен көп гол салды, бәрінен көп ұпай алды. Бруну Фернандеш дәргейіне жетіп, Каземиро жалақысын ақтай бастады. Аморимге керек болмай қалған Коби Майну қайта атқа қонып, МЮ жорығының жарық жұлдызына айналды.


Манчестер қаласындағы билборд (фото: Stu Forster/Getty Images)

Бірақ, Майкл Кэррик клубты қиын жағдайдан алып шыққанымен, ары қарай ТОП деңгейге шығара алмады. Оның бірнеше себебі бар. Қарапайым жауабы: тәжірибе аздығы – Френк Лэмпард синдромы. Екі клубты Чемпионшиптен сүйреп әкелген Френк Лэмпард “Челси” клубын жаттықтырғанда жаһандық қиындыққа тап болды. Грандтармен таласта тас-талқаны шықты. Майкл Кэррик екінші қадам жасай алмады. АПЛ, Чемпиондар лигасы, Англия лигасының кубогы қатар келгенде, команда абдырап қалды.

Сабақтастықтың жоқтығы: сәтсіз трансферлер

Бүгінгі “Манчестер Юнайтед” – бұрынғы ұлылықтың инерциясы. Асылдың сынығы, өткеннің елесі. Бай клуб - бірақ гранд емес. Азусыз арлан, қауқары қайтқан арыстан. Аты бар - заты жоқ. Клуб өткенімен өмір сүріп жатыр. Пост-фергюсон дәуіріндегі жетістіктің инерциясымен АПЛ-да тұрақтап тұр. Сәтсіз шешімдер, ортақ философияның жоқтығы. Ақшаны далаға шашу. Келісімшартын аяғына жеткізе алмаған бас бапкерлердің өтемақысы. Қыруар қаражат. Сабастастықтың жоқтығы. Тактикалық пайымы мен ойын мәнері бір-біріне ұқсамайтын бас бапкерлер. Давид Мойес – британ футболы, Ван Гал – тоталды басымдық, Жозе Моуринью – прагматик, Сульшер – контр шабуыл, Ральф Рангник – функционер, Эрик Тен Хаг – тактика, Рубен Аморим – 3-4-3 тактикалық жүйесіне қадалып алған бірбеткей. Осылай кете береді. Арасында Райан Гиггз, Рууд ван Нистелрой, Майкл Кэррик сияқты “өрт сөндірушілер” болды.


Уле Гуннар Сульшер және Джейдон Санчо (фото: «Манчестер Юнайтед» ФК)

Трансферге әр бапкер ықпал етті. Ван Гал тұсында келген футболшылар Жозе Моуриньюға керек болмай қалды (Бастиан Швайнштайгер, Морган Шнайдерлин, Маттео Дармиан, Мемфис Депай, Антони Марсьяль).

Жозе Моуринью тұсында жасалған трансферлер Уле Гуннар Сульшердің командасынан орын таппады (Поль Погба, Неманья Матич, Ромелу Лукаку).

Сульшердің сұрауымен алынған қымбат трансферлер Эрик Тен Хагтың көңілінен шықпады (Джейдон Санчо, Рафаэль Варан, Харри Магуайр, Аарон Уан-Биссака, Дэниэл Джеймс, Ван де Бек).

Эрик Тен Хагтың тұсындағы трансферлер де өзін ақтамай, Маттейс де Лигт, Джошуа Зиркзее, Мануэль Угарте, Антони, Расмус Хейлунд, Мэйсон Маунт, Андре Онана сияқты қымбат футболшылар Рубен Аморимнің командасынан тұрақты орын таппады.

Рубен Аморимнің тұсында келген Беньямин Шешко әлі ТОП деңгейге шыға алмады. Әзірге старттағы таңдаулы ойыншы емес, джокер ретінде пайдасын тигізіп жатыр.

Соңғы онжылдықта тек Бруну Фернандеш пен Каземироның трансферіне оң баға беруге болады. Бұл тізімге Лисандро Мартинесті қоссақ та артық емес. Брайан Мбемо мен Матеус Куньяға баға беруге әлі ерте.

“Сити” ықпалы: Манчестер “көгере” бастады

Манчестердің екі клубында да ойнаған Карлос Тевес (“Юнайтед”, “Сити”) бір сұқбатында Англияға алғаш келгенде Манчестерде “Сити” дейтін клуб барын білмегенін айтқан еді. Өйткені, Манчестер мегаполисі ғасырлар бойы тек бір клубпен ассоциацияланған – “Манчестер Юнайтед”.  ХХІ ғасырда бұл үрдіс түбегейлі өзгерді. “Сити” ертегідегі батырларша минут санап өсіп, трофей жағынан да, инфрақұрылым тұрғысынан да алға шықты. Даму даңғылынан шығып қалған МЮ ғана. Бұл туралы Криштиану Роналду қатты сын айтып, 2009 жылдан бері клуб инфрақұрылымы еш өзгермегенін жеткізді. Бассейн мен джакузи жаңармағанын, медицина мен жаттығу технологиясы басқа клубтардан кенже қалғанын, клуб асхана мен аспазы жаңа стандартқа сай еместігін ашына айтты.


Фоден және Палмер. Фото: Reuters

Сол уақытта “Сити” жаттығу базасын жетілдіріп, озық технологияларды пайдаланды. Манчестер тұрғындары баласын “Сити” академиясына бергенді жөн санады. Фил Фоден мен Коул Палмердің, Джейдон Санчо мен Джереми Фримпонгтың, Морган Роджерс пен Киран Триппьердің “Сити” академиясының түлегі болуы сондықтан. “Манчестер Юнайтед” клубын ұзақ жыл өрге сүйреген “The Class of '92” (Дэвид Бекхэм, Райан Гиггз, Пол Скоулз, Гари Невилл, Филл Невилл, Ники Батт ) жаңа буынының шықпауына клуб менеджментіндегі стагнация кесірін тигізді.

Ал, клуб академиясынан шыққан Маркус Рашфорд, Скотт Мактоминей сияқты футболшылардың бірі аренда жағалап, бірі Неапольде жарқырап жүр.

INEOS келді, бірақ Глейзерлердің қателігін түзей алмады

2024 жылдың ақпанында клуб басшылығына Джим Рэтклифф бастаған INEOS компаниясы келді. Джим Рэтклифф ұзақ жыл бойы командаға жетекшілік еткен Глейзерлердің жұмысын ашық сынағанымен, шығыны шаш етектен – әбден тығырыққа тірелген клубты әлі күнге дейін Еуропаның грандына айналдыра алмай отыр.

INEOS тұсында бес бапкер ауысты. Үш рет оңбай қателесті. Эрик Тен Хагқа Англия кубогын жеңіп алған соң жаңа келісімшарт ұсынып, арада 3 ай өткенде отставкаға жіберді.


Рубен Аморим. Фото: Reuters

Рубен Аморимге карт-бланш берілгенін айтып, 3 жылда португал маманы клубты өрге сүйрейтініне сенді. Бірақ оны да бір жылдан соң қуып тынды.

Клубты қиындықтан алып шыққан Майкл Кэррике жаңа келісімшарт ұсынып, 10 турдан соң қош айтысты. “Аузы күймейтін, сорпаны үрлемей ішетін” Джим Рэтклифф аяқсыз қалған бас бапкерлердің келісімшарты үшін £40-50 млн өтемақы төледі. Трансфер үшін жұмсаған қаржысы шаш-етектен.

МЮ ойыншыларды қымбатқа алып, өте көп жалақы төлейді. Сосын жалақысы жоғары ойыншыларды сата алмай әуреге түседі. Трансфер таразысында МЮ ойыншыларына сұраныс жоқтың қасы. МЮ-ға келген бағасы мен кеткендегі бағасының арасындағы гандикап жер мен көктей.


Маурисио Почеттино (фото: Getty Images) 

Енді Маурисио Почеттиномен 2029 жылға дейін шарт жасаспақ. Прессинг қаруына айналған аргентиналық маман үшін қысқы/жазғы трансфер де аздық етеді. Клубты жаңа эксперимент тосып тұр. Бруну Фернандеш кетсе, орнын басатын ТОП трансфер керек.

Маурисио Почеттино жас футболшыларға сенім артады. Деле Алли, Харри Кейн, Кристиан Эриксен соның жемісі. Толассыз прессинг, ойын қарқыны өте жоғары. Қорғаушылар шабуылды соңына жеткізудің басты кілті. Барлық фазада синхронды қимыл. Ағылшын футболын бүге-шігесіне дейін біледі.

МЮ басты активінен қағылуы мүмкін

“Манчестер Юнайтед” фан-базасымен мақтанатын клуб. Әлемнің барлық құрлығында жанкүйері бар (кей деректер бойынша “Реал” клубынан кейін екінші орында). Ғасырлап -тірнектеп жиған инвестициясы. Бірақ, клуб тез арада есін жиып Еуропа грандтарының қатарына қосылмаса, ең басты активінен де айырылуы мүмкін. Өйткені, фан-база клубтың қаржылық және коммерциялық тұрақтылығын сақтап тұрған басты тірегі.


«Манчестер Юнайтед» «Олд Траффорд» стадионында. Фото: Getty Images

Жүздеген миллион жанкүйер арқасында клуб ірі демеушілік келісімшарттар жасасып, атрибутика сатылымы мен трансляциялардан тұрақты табыс табады. «Олд Траффорд» стадионында тұрақты аншлаг. Команда антирекорд орнатып жатса да, 75 мың адам сыятын «Олд Траффорд» жанкүйерге лық толы. Билетен түсетін табыс клуб бюджетінің жыртығын жабады.

Англияда өмір салты басқа. Бір қала – бір клуб – бір жұмыс. Манчестер қаласындағы тұрақты жанкүйер қолдауын тоқтатқан жоқ. Бірақ, “Манчестер Юнайтед” фан-базасы жасарып та жатқан жоқ. Әлемде де МЮ жанкүйерлері қуаныш лебін емес, буллинг салқынын сезіп отыр. Адам табиғаты өзгермейді. Мықтының, ұлылықтың жағында болып, аузын айға білеген ТОП команданың бір мүшесі болуға ұмтылады.

Әйгілі желаяқ Усейн Болт та әлеуметтік желіде МЮ туралы жазбайтын болды. Майк Тайсон мен Флойд Мейвезер дейтін бокс тарландары да Манчестерге ат ізін салмай кетті. Рианна, Джастин Тимберлейк секілді поп-жұлдыздар клуб атрибутын пайдаланбайтын болды.

Жанкүйер эволюциясы да солай. Қосылып жатқан жоқ, қашып жатыр. Жасарып жатқан жоқ, пост-фергюсон дәуіріндегі фанаттар ғана қалды. Болысып жатқан жоқ, әрбір сәтсіздіктен соң боғын пышақтап жатыр.

МЮ – суға батып бара жатқан Титаник

2005 жылға дейін “Манчестер Юнайтед” клубының еш қарызы болған жоқ. Клуб басшылығына Глейзерлер келген соң қарызы күрт өсті. Глейзерлер миллиардтап несие алып, қарызды клубтың мойнына артып қойды.

2026 жылдың күзіндегі қаржылық есеп бойынша клубтың жалпы қарызы (негізгі кредиттер, несиелік желі және трансферлік берешегі) 1 млрд фунттан асып кетті. Клуб кіріс жағынан рекорд орнатса да, қарыз бен пайыздық төлемнің өсуіне байланысты жетінші жыл шығынға ұшырап отыр. Клуб жыл сайын тек несие пайызын жабуға шамамен £70 млн жұмсайды. Алайда, бұл қаражат команды құрамын күшейтуге немесе инфрақұрылымды жаңартуға бағытталуы тиіс болатын.


”Титаник” кемесі. 1912 жыл.

Ең сорақысы, 2026 жылдың қыркүйегінде Лондонда өткен инвестициялық конференцияда Аврам Глейзер “МЮ коммерциялық табысы клуб нәтижесіне тәуелді емес” деп мәлімдеп, жанкүйердің ашуын туғызды. Клуб басшылығы үшін бірінші орында кубок емес, коммерциялық табыс тұрғанын тұспалдап емес, ашық айтты.

Қазір Глейзерлер клубты £5 миллиардқа сату мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Алайда, стадионды жаңартса (100 мыңдық), клубтың құны тағы бірнеше пайызға қымбаттауы мүмкін. Сондықтан әлі де нарықты пысықтап жатыр.

Ал, Джим Рэтклифф бастаған INEOS компаниясы Глейзерлерден құтылмай, клубты дағдарыстан алып шығу мүмкін емесін сезіп отыр.

Басында айтқанымызда, МЮ қазір футбол гранды емес, коммерциялық табысты ғана ойлайтын қалталы команда. Алаңдағы гегемониядан гөрі қалтасын ғана ойлайтын ашкөз менеджмент үлгісі. Суға батып бара жатқан Титаник. Алып кеме. Маурисио Почеттино сол алып кемеге билет алды. Титаник 1912 жылы Саутгемптон портынан алғашқы әрі соңғы сапарына аттанса, Маурисио Почеттино да Англиядағы жорығын “Саутгемптон” клубынан бастаған. ТОП бапкер ретінде оның да “соңғы сапары” болуы бек мүмкін. Қазіргі МЮ – мықты бапкер мен мықты футболшының қасапшысы. 

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам