«Нокаутпен аяқталады»: Хамза Шираздың бапкері Жәнібек Әлімханұлының жеңілетініне сенімді

Хамза Жәнібекті өзіне мықты қарсылас ретінде қарастырып отыр

sports.kz
sports.kz

Әлемнің WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираздың жекпе-жегін көпшілік асыға күтіп жүр.

Британдық боксшы WBO белбеуіне ресми үміткер болып саналады, ал Бүкіләлемдік бокс ұйымы Әлімханұлы мен Шираздың жекпе-жегін өткізуге рұқсат берді. Қос тарап 4 қарашаға дейін барлық келісім шарттарын, әсіресе жекпе-жек өтетін күн мен орнын келісуі тиіс.

Британдық боксшының бапкері Рики Фуньес Sports.kz тілшісіне сұхбат берді. Ол Хамза Шираздың қазақстандық чемпионмен қолғап түйістіруге дайын екенін және бұған дейін жекпе-жектен бас тартпағанын айтты.

– Рики, боксты сүйетін миллиондаған жанкүйерлер Шираз бен Әлімханұлы арасындағы жекпе-жектің уақытын күтіп отыр. Сізге келіссөздер барысы туралы бірдеңе белгілі ме?

– Менің міндетім — Хамзаны дайындау және оны барынша тиімді орындау. Бірақ, маған белгілі болғандай, тараптар ортақ келісімге келе алады.

– Біраз уақыт бұрын Бүкіләлемдік бокс ұйымы тараптар арасындағы келіссөздердің мерзімін 4 қарашаға дейін ұзартқан болатын. Сауда-саттыққа бару қажет бола ма деп ойлайсыз ба?

– Жоқ деп ойлаймын. Фрэнк Уорреннің Жәнібектің промоутері Боб Аруммен жақсы қарым-қатынасы бар екенін білемін, сондықтан саудаға жетпейді деп үміттенеміз. Алдағы бірнеше күнде жаңалық болады, бәлкім одан да ертерек.

– Сіз жеке өзіңіз Әлімханұлымен жекпе-жекке дайынсыз ба?

– Жеке өзім осындай жекпе-жектің ұйымдастырылғанын қатты қалаймын. Біз бұл жекпе-жекке дайынбыз, Жәнібекпен қолғап түйістіруге әзірміз. Хамза да Жәнібекті өзіне мықты қарсылас ретінде қарастырады. Орта салмақта үлкен жекпе-жек керек, ал менің ойымша, менің шәкіртім мен Жәнібек Әлімханұлы арасындағы жекпе-жек осы үшін ең үздік жекпе-жек болмақ.

– Бокс жанкүйерлері арасында Шираз Жәнібекпен жекпе-жектен қашып жүр деген әңгіме бар. Бұл қауесет шындыққа сая ма?

– Түбегейлі жалған әңгіме. Бұл — осы сыбыстарды тарататындарға айта алатын ең орынды сөзім. Шираз тек үлкен жекпе-жектерге ұмтылады, біз кез келген сынаққа дайынбыз. Егер біз Жәнібектен қашып жүрсек, Фрэнк Уоррен бұл жекпе-жекке Әлімханұлының командасына көлемді қаржы ұсынбас еді.

– Сіз Жәнібек туралы білесіз бе, оның жекпе-жектерін көрдіңіз бе?

– Мен оның жекпе-жектерінің видеосын көрдім. Ол жақсы боксшы, оның стилі маған ұнайды, ал Шираздың стилімен бірге бұл бокс жанкүйерлері үшін керемет жекпе-жек болады. Бұл тамаша шоу болады. Әрине, промоутерлер келісімге келсе, қарсыласты егжей-тегжейлі зерттейміз.

– Шираз бен Әлімханұлы жекпе-жегін шамамен қашан күтуге болады?

– Бұл жекпе-жекке ең қолайлы уақыт — ақпан айының соңы немесе наурыздың басы деп ойлаймын. Біз осы уақытқа назар аударамыз.

– Әлімханұлына қарсы арнайы стратегия бола ма?

– Біз өз күшті жақтарымызға сүйеніп, әдеттегі тәртіпте дайындалатын боламыз. Жәнібек — солақай, әрине, бұл кейбір өзгерістер енгізеді, бірақ аса маңызды емес. Біз өзімізге сенімдіміз.

– Жекпе-жекке қатысты болжамыңыз қандай?

– Жәнібек әлі Хамза сияқты панчермен (қарсыласын нокаутқа жіберетін спортшылар) кездескен жоқ. Сонымен қатар, біз үшін де Әлімханұлы — қарсыластардың ішіндегі ең мықтысы болатынын түсінеміз. Мен айта алатын жалғыз нәрсе — бұл керемет жекпе-жек болажы және сөзсіз нокаутпен аяқталады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам