Екеуінің жекпе-жегі келер жылдың ақпанында өтуі мүмкін
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) мен осы атаққа үміткер британдық Хамза Шираз (21-0, 17 КО) арасында өтуі тиіс жекпе-жек бойынша промоутерлік сауда өткізуді қос тарапқа міндеттеді.
WBO бір ай бұрын екі боксшының менеджерлеріне өзара келісуге уақыт берген болатын. Алайда, олар ортақ шешімге келе алмады. Енді ұйым тараптарды 18 қарашада Пуэрто-Рикода промоутерлік сауда жүргізуге міндеттеп отыр. Ең төменгі жүлде қоры – $200 000. Ол 75/25 үлесі бойынша чемпионның пайдасына бөлінеді: егер жекпе-жек чемпионның отанында немесе өзге елде өтсе. Ал, егер жекпе-жек чемпиондыққа үміткердің отанында өтетін болса 80/20 үлесі сақталады.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы. 4 қазанда ол Аустралияда жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичті нокаутпен жеңіп, қос титулын қорғады.