Серік Қонақбаев 19 жасында әлем кубогының иегері атанған
Бокстан Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев өзі туралы кітап жазған қаламгерге алғыс айтып, жаңа жасымен құттықтады.
Қазақ боксшылары арасында Олимпиада жүлдесін алғаш болып иеленген белгілі спортшы «Үшінші раунд» кітабын жазып, Серік Қонақбаевтың спорттағы жолын тақырыпқа арқау еткен Несіп Жүнісбаевтың өзін қалай іздеп келген сәтін еске алды.
«10 желтоқсан – белгілі журналист, еліміздің спорт журналистикасының негізін қалаушыларының бірі, қоғам қайраткері Несіп Жүнісбаев ағамыздың туған күні. Ұлтшыл, намысшыл, өзінің жоғары кәсіби шеберлігімен жер әлемге танымал болған қазақ спортының нағыз жанкүйері! Кезінде марқұм Жүнісбек Сұлтанмұратов екеуі мені іздеп келіп, осы кітапты бастаған. Ағамыз әлі де осындай кемел шағында қаламы талмай, көптеген қоғамдық және шығармашылық шараларға ат салысып жүр. Несіп аға, осындай тың жігер, жарқын көңілмен сексеннің де сеңгірінен асыңыз! Өзіңіздей ағаларымыз аман болсын», - деп жазды белгілі боксшы.
Серік Қонақбаев 19 жасында әлем кубогының иегері атанған. Ол әуесқой бокстан әлем кубогының екі дүркін иегері атанған алғашқы боксшы. Сондай-ақ, Олимпиададан бөлек әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Бұдан бөлек, 1979 және 1981 жылы Еуропа чемпионатында топ жарды.