Абылайхан Жүсіпов пен өзбекстандық Хавасбек Асадуллаев 71 келінің финалында кездесті
Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов жақында ғана Азия чемпионы атанған Абылайхан Жүсіповтің финалдық жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді.
Белгілі маман финалда есе жіберіп, артынша өзбек боксшысының тістегені анықталған соң құрлық біріншілігінің алтын медалін иеленген Абылайханның әлеуетіне баға берді. Аталған келеңсіз жағдай туралы айтқан бас бапкер қарағандылық боксшының финалда басым болғанын алға тартты.
«Абылайхан Жүсіповті Өзбекстан боксшысы финалда тістеп алғанын білген жоқпыз. Анығында мүлдем байқамадық. Ол туралы кездесу аяқталған соң ғана білдік. Соған қарамастан Абылайхан финалда ұтылған жоқ, қарсыласын анық ұтты», - деді Қайрат Сәтжанов «Спорт Плюс»-ке берген сұхбатында.
Жақында Таиландта өткен Азия чемпионатында Абылайхан Жүсіпов пен өзбекстандық Хавасбек Асадуллаев 71 келінің финалында кездесті. Бірақ төреші бұл сында Өзбекстан боксшысының қолын көтеріп, жеңімпаз деп таныды. Алайда, кейін өзбек спортшы Жүсіповті иығынан қыршып тістеп алғаны мәлім болды. Осыдан кейін Азия бокс қауымдастығы көрші ел спортшысына қарсы шара қолданып, оны біраз уақытқа жарыстардан шеттетті. Әрі алтын медаль Жүсіповке берілген еді.