Ол 2020 жылы октагонда жеңіліп қалған қарсыласымен рингте кездеспекші
Аралас жекпе-жекте «Қазақ терминаторы» атанып кеткен Мұратбек Қасымбай (13-4) енді кәсіпқой бокста бағын сынап көрмекші. 27 желтоқсанда Алматыда өтетін бокс кешінде отандасымыз ирандық файтер Мохаммад Хейбатимен (5-5) жұдырықтасады.
Қос спортшы 2020 жылы октагонда кездесіп, даулы жекпе-жекте ирандық жеңіске жеткен болатын. Мұратбек Қасымбай енді кеткен кегін кәсіпқой рингте алмақшы.
«Қазақ терминатор» жанкүерлеріне жойқын соққыларымен ғана танымал емес. Ол осыдан бірер жыл бұрын «тоқал алдым» деп әлеуметтік желіні бір шулатса, биыл туған ағасына су жаңа көлік сыйлап, көпшіліктің қошеметіне бөленген болатын.
Айта кету керек, Алматыда өтетін осынау бокс кешінде Қуат Хамитов ресейлік Мариф Пираевпен жұдырықтасуы керек болған. Алайда, қазақ файтері денсаулығының сыр бергенін айтып, жекпе-жектен бас тартты. Сонымен қатар, Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Иван Дычконың (14-0, 13 KO) да жоспарланған кездесуі кейінге шегеріліп отыр. Отандық кәсіпқой боксшы жарақат алып, дәрігерлер оның рингке шығуына тыйым салған.