Боксшы – әлемдегі ең дәулетті спортшылардың бірі саналады
Мансабында мүлдем жеңіліп көрмеген америкалық әйгілі кәсіпқой боксшы Флойд Мейвезер үш жасар немересіне Рождество мерекесіне орай ерекше сыйлық жасады.
Былғары қолғап шебері кішкентай сәбиге 20 миллион долларға тосынсый жасаған. Атап айтқанда, бүлдіршінге Нью-Йорктегі ең қымбат аудандардың бірі – Манхэттеннен жылжымайтын мүлік сатып алынды.
Мейвезер әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, бұл сыйлықты немересінің қалай қабылдағанын көпшілікке көрсетті.
«Саған не сыйлайтынымды білесің бе? Сен Нью-Йорктегі Diamond District-те ғимараты бар алғашқы баласың. Мен саған ғимарат сатып алдым», - деді Флойд.
TMZ Sports мәліметінше, жылжымайтын мүлік 47-көшенің бұрышындағы алтыншы авенюде орналасқан. Ғимарат ішінде түрлі кеңселер, алмаз биржасы мен қомақты табыс әкелетін жарнама баннері бар.
47 жастағы Флойд Мейвезер кәсіпқой шаршы алаңда 50 кездесу өткізіп, соның барлығында жеңіске жеткен. Ол рингке соңғы рет 2017 жылы шықты.