Өзбек боксшысы Бразилияда өткен Олимпиадада ширек финалда жеңілген болатын
Аса ауыр салмақта өнер көрсететін Өзбекстанның танымал боксшысы Баходир Жалолов (14-0, 14 КО) Рио Олимпиадасында өзін жеңген британдық Джо Джойстан (16-3, 15 KO) реванш алғысы келеді.
Round Eight Boxing YouTube-каналына сұхбат берген Жалолов тәжірибелі боксшылармен жұдырықтасуды көздеп жүргенін айтады. Өйткені, бұған дейін америкалық сарапшылар оның бұған дейінгі қарсыластарының бәрі бейтаныс боксшылар болғанын айтып сынаған еді.
– Сен 2016 жылғы Олимпиада ойындарында британдық Джо Джойстан жеңіліп қалдың. Енді онымен кәсіпқой бокста кездескің келмейді ме?
– Иә, кездескім келеді. Егер менеджерлер осындай жекпе-жек ұйымдастырып берсе мен тек қана қуанамын, - деді өзбек боксшысы.
Ол қазір жоғары деңгейлі қарсыластармен кездесу үшін рейтингтік жекпе-жектер өткізетінін де айтты.
«Мен үлкен жекпе-жектерге дайынмын. Бірақ, маған тағы 1-2 жекпе-жек қажет, көбірек раунд керек. Өйткені, кеше ғана әуесқой бокстан оралдым», - деді Жалолов.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасын жеңгеннен кейін Баходир Жалолов кәсіпқой боксқа біржола кететінін айтқан еді. Оның келесі жекпе-жегі 6 ақпанда Канадада өтеді. Қарсыласы – француз Давид Спилмонт (16-8-1, 11 КО).