Черчесовтың түбіне «қазақ тілі» жетті ме? Жаңа бапкерге – жаңа талап. Қазақты мазақ қылғандар туралы

«Ұлттық құрама әкеңнің төрі емес»: елге оралған Бақыт Сәрсекбаев боксшыларға ескерту жасады

07.02.2025, 13:24

Қазақстан боксында ішкі бәсекелестік болмауынан нәтижеге жете алмай келеміз дейді ол

«Ұлттық құрама әкеңнің төрі емес»: елге оралған Бақыт Сәрсекбаев боксшыларға ескерту жасады
скрин YouTube

Бокстан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев елге оралды. Атақты спортшы енді ұлттық құрамаға резерв дайындаумен айналысады.

Сәрсекбаев осы мақсатта 12-19 ақпан аралығында Талдықорғанда 18-22 жас аралығындағы боксшылар арасынан резервті құрамаға іріктеу чемпионатын өткізбекші екен. Кейін үздіктерін іріктеп алып, жаттығуды бастайды.

«Менің шетелден елге қайтқанымды естіп жатқан боларсыздар. Бокс федерациясының президентінің тапсырмасымен, Спорт және туризм министрінің шақыруымен елге қайттым. Маған министрдің берген тапсырмасы – Ұлттық құрама жанынан резервтік құрама құру. Мақсат – бірінің жалынан бірі тістеп тұрған, Ұлттық құрамдағы барлық салмаққа бәсекелес/резерв дайындау. Қазіргі ұлттық құрама өзінің жағдайын Олимпиадада, Азия чемпионатында көрсетті. Спортшылардың бұлай әлсіреуі – бәсекелестіктің жоқтығы. Өз салмағында теке тіресіп тұрған мықты бәсекелесі болмаса, спортшы өспейді, босаңсып кетеді», - дейді Бақыт Сәрсекбаев.

Бақыт Сәрсекбаев  қазір бәсекелестік төмендеп кеткенін, ол бокста жүрген тұста Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Қанат Әбутәліпов, Мейіржан Рахымжанов, Галиб Жафаров сияқты кіл мықтылар болғанын еске салды.

«Бір салмақты 5-6 мықтыдан болдық. Ұлттық құрама әкеңнің төрі емес екенін білеміз, еркелігің ешкімге керек емес, қалт етсең сенің орныңды басатын резерв толып жүр. Тек жаныңды салып, тер төксең ғана дегеніңе жете аласың. Жыртылған аяқ киімді өзіміз тігіп алып, кірімізді өзіміз жудық. Жыртық көрпеде, бір бөлмеде 3-4 баладан жатып, Біркөлік тауының тасын кезіп жаттыққан сол құрама елімізге бірнеше Олимпиада және әлем жеңімпаздарын берді. Қазір мен бірнеше спорт базаларын аралап көрдім, керемет жағдай жасалған. Тіпті біз армандамаған нәрселер бар», - дейді бапкер.

Ол қазіргі қазіргі бокс философиясы өзгергенін, өткен күндерден сабақ алып, қорытынды шығаруға жұмыс істегісі келетінін алға тартады. Өзгеріске ұшыраған қазақ боксының стилін қайтарғысы келеді.

«Қуантарлығы – талантты жастар баршылық, қынжылтарлығы - бүгінгі бокстың стилі түбегейлі өзгеріп кеткен. Осы соңғы 10-15 жылда баяғы қазақ стилі 100% өзгеріске ұшыраған. Менің жаттығуларым жеңіл болмайтынын боксшылар біледі, сол үшін де маған жүрегінде түгі бар, көзінде оты бар, амбициясы биік, жаттығудан шаршамайтын балалар ғана келеді. Олимпиада чемпионы боламын дегендер келеді. Ал мен болсам оларға баяғы қазақ стилімен, өз техникаммен бөлісіп, Олимп шыңына жеткізуге барымды саламын», - дейді Бақыт Сәрсекбаев.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам