Оған қоса өзбекстандық Баходир Жалолов рингке шығады
5 сәуір күні Астана қаласында Жәнібек Әлімханұлы мен франциялық Анаэль Нгамиссинге арасындағы кеште отандық ағайынды боксшылар Төрехан мен Махмұд Сабырхан да жекпе-жек өткізеді.
Бүгін баспасөз мәжілісінде Әлімханұлы мен Нгамиссинге жекпе-жегінің андеркардында қазақстандық Махмұд пен Төрехан Сабырхан, өзбекстандық екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалолов рингке шығатыны айтылды. Сондай-ақ тағы бір танымал қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев болады деп күтілуде.
Айта кетейік, Махмұд Сабырхан 2023 жылғы әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қатысушысы. Ал інісі Төрехан Сабырхан 2024 жылы Черногорияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Сонымен қатар, ол жастар және жасөспірімдер арасында Азия чемпионатын төрт рет жеңіп алған. Төрехан осы күнге дейінгі бірде-бір жарысында жеңіліп көрмеген.