
Ол Олимпиада ойындарының құрамында боксты сақтап қалуға барын салатынын айтып отыр
Халықаралық Олимпиада комитеті жақында ғана құрылған World Boxing федерациясын уақытша мойындады. Бұл туралы еліміздегі Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, даңқты боксшы Геннадий Головкин мәлімдеді.
Енді World Boxing-тің Олимпиада қозғалысы аясында әлемдік деңгейде боксқа жетекшілік етуге құқығы болады. 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарында бокс турнирін ұйымдастыру құқығына ие болуы мүмкін.
«World Boxing-тің Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтау үшін жұмысымды жалғастырамын», - деп жазды Головкин өзінің Instagram-парақшасында.
Айта кетейік, World Boxing ұйымы 2023 жылы сәуір айында құрылған болатын. Ұйым құрылғаннан кейін ХОК ресейліктер басқаратын IBA ұйымын мойындаудан бас тартып, әлемдегі бокс федерацияларын оның құрамынан шығуға шақырды.