
Даңқты боксшы әлемнің үш дүркін чемпионы атануға жақын
Қыздар боксынан Сербияда өтетін әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық құрама Мәскеуде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Құрама сапында Париж Олимпиадасыныңс қола жүлдегері Назым Қызайбай да бар.
Дайындық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл туралы Назымның жеке бапкері Долкунжан Камеков әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Ұлттық құрама Мәскеуде оқу-жаттығу жиынында дайындық жүргізіп жатыр. Бұл жиында еліміздің үздік боксшылары Сербияның Ниш қаласында өтетін аса маңызды әрі жауапты жарысқа дайындығын пысықтауда. Барлық спортшылардың жеңіске деген құлшынысы жоғары. Жанкүйерлердің ерекше назарында екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай болады деп ойлаймын. Париж Олимпиадасынан кейін Назым алдына жаңа мақсат қойды. Ол – Қазақстан тарихында үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы болу. Біз бар күшімізді салып, Назым Қызайбай мен басқа да боксшы қыздарымыздың әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетеді деп сенеміз», – деп атап өтті боксшының жеке бапкері Долкунжан Камеков.
8-16 наурыз күндері Сербияның Ниш қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысатын ел құрамасының боксшылары бұған дейін мәлім болған еді. Олардың қатарында, Назымнан бөлек, Алуа Балқыбекова, Анита Адишева, Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова, Виктория Графеева, Аида Абикеева, Жасмин Кизатова, Наталья Богданова, Надежда Рябец, Гүлсая Ержан, Елдана Тәліпова сынды бұрымды боксшылар бар.