
Дональд Трамп 2028 жылғы Олимпиада ойындарына трансгендерлерді қатыстырмайтынын айтып отыр
Әйелдер арасында бокстан Париж Олимпиадасының чемпионы алжирлік боксшы Иман Хелиф 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысуды жоспарлап отыр.
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Атқарушы кеңесінің отырысында боксты 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасында қалдыру туралы шешім қабылданған болатын. Осы шешімнен кейін Хелиф алжирлік ITV арнасына берген сұхбатында: «бұрын айтқанымды қайталап айтамын: мен жынысымды өзгерткен жоқпын» деп мәлімдеді.
Еске салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп өткен айда транссексуал спортшыларға әйелдер спортына қатысуға тыйым салатын жарлық шығарған болатын. Жарлыққа сәйкес, жынысын ауыстырған спортшылар АҚШ визасын ала алмайды.
Иман Хелиф болса Трамптың мәлімдемелерінен қорықпайтынын, 2028 жылы АҚШ-қа келіп, Олимпиада чемпионы атағын қалай да қорғайтынын айтып отыр.
«Менің мақсатым – Олимпиада чемпионы атағын қорғау. Ол үшін бәрін істеймін. Трамптың мәлімдемесі мені қорқытпайды», - деді боксшы.
Еске салайық, алжирлік боксшы қыздың жынысына қатысты дау Париж Олимпиадасы кезінде туды. IBA президенті Умар Кремлев Хелифтің бұрын еркек болғанын айтып, артынша бұл мәлімдеме бүкіл әлемде резонанс тудырды. Кремлевтің айтуынша, Иман Хелиф 2023 жылғы әлем чемпионатында гендерлік тесттен өте алмай, жарысқа жіберілмеген екен.