
Оның Сауль Альвареспен жұдырықтасуы екіталай дейді ол
Астанада өткен соңғы жекпе-жегінде Жәнібек Әлімханұлы франциялық Аннуэль Нгамиссенгемен рингке шығып, жеңіске жеткені белгілі. Дегенмен, Әлімханұлы орта салмақтан жоғары көтерілмей, үлкен жетістікке жете ала ма деген сауалға Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Өмірзақов sportarena.kz тілшісіне берген сұхбатында ойын бүкпесіз айтты.
Бапкердің сөзінше, WBO және IBF чемпиондық белбеулерін иеленген Әлімханұлы өз салмағынан жоғары шықпауы – сенімсіздіктің белгісі. Ол бұған дәлел ретінде Андрей Михайловичпен жекпе-жектің салмақ қуа алмауына байланысты өтпей қалғанын мысал етті.
«Бұл айқастар маңызды емес, шағын бюджетпен өтеді. Кәсіпқой бокста маңызды жекпе-жек өткізу үшін артында үлкен қаржы тұруы керек. Ал Жәнібекке неге ақша бермейді? Себебі ол – аса танымал боксшы емес. Бокс әлемі оны толық мойындай қоймаған. Мен оны қараламаймын, өзі жақсы боксшы, бірақ тым көп сөйлейді. Керісінше, сөзден гөрі нақты іс керек», – дейді Өмірзақов.
Соңғы уақытта Жәнібек мексикалық жұлдыз Сауль «Канело» Альваресті ашық түрде жекпе-жекке шақырып жүр. Бірақ бапкердің пікірінше, мұндай деңгейдегі жекпе-жектер үшін танымалдылық пен сенімділік қажет.
«Канело – көп ақша табатын боксшы. Оған қарсы шығу үшін, алдымен өзіңді танытып алуың керек. Ал Жәнібек болса супер орта салмаққа ауысудан қорқады. Бұл да – өзіне деген күмәннің белгісі. Неғұрлым ауыр салмақ – соғұрлым беделді. Жапондық Иноуэ секілді мықтылардың өзі гонорар жағынан ауыр салмақтағылармен теңесе алмайды», – дейді бапкер.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы Сиднейде Андрей Михайловичті нокаутпен жеңген соң, Сауд Арабиясындағы Riyadh Season аясында Хамза Ширазбен жұдырықтасуы керек еді. Алайда Бетербиев – Бивол кешінде жоспарланған жекпе-жек өткізілмей, оның орнына Шираз WBC чемпионы Карлос Адамеспен қолғап түйістірді.