Португалия құрамасының қорғаушысы Рубен Диаш пен жартылай қорғаушылары Жоау Пальинья және Бернарду Силва командадан кетуге мәжбүр болды. Ұлттар лигасында Даниядан ойсырай жеңілген (1:4) Жезуш шәкірттері енді соңғы матчты Уэльске қарсы өткізеді.
Диаш пен Пальинья сары қағаздың көптігіне байланысты жарысты жалғастыра алмаса, Силва денсаулығының сыр бергенін айтыпты.
«Португалия құрамасының ойыншылары Рубен Диаш пен Жоау Пальинья алдағы сейсенбіде Кардифф қаласында болатын ойынға қатыспайды. Бернарду Силва да ұлттық құрама лагерінен кетті. Медициналық тексерістен кейін Португалия футбол федерациясының мамандары оның алдағы матчқа жарамайтынын айтқан. Осы жексенбіде бас бапкер Жорже Жезуштың бастауымен 24 ойыншы жаттығуын жалғастырып жатыр», - делінген Португалия футбол федерациясы таратқан хабарламада.
Еске салайық, осы Ұлттар лигасының үшінші турынан кейін Криштиану Роналду бас бапкер Жорже Жезушке ренжіп, ұлттық құрамадан кетіп қалған болатын. Мұнан кейін ол Португалиядағы мансабын аяқтайтынын ресми мәлімдеді.