
Қайрат Сәтжанов жас боксшыларының нәтижесін бағалады
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов К.Коротковты еске алуға арналған және «Жібек жолы»халықаралық турнирінде өнер көрсеткен боксшыларға баға берді.
Olympic.kz сайтының жазуынша, бапкер аталған турнирлерді жас боксшылар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан жарыс деп атады.
10-16 сәуір күндері Баку қаласында өткен «Жібек жолы» халықаралық турниріне Қазақстан ұлттық құрамасының 3-4 нөмірлі боксшылары қатысқан еді.
«Бұл жарысқа ұлттық құраманың жас боксшылары қатысқан болатын. Көбісі 2005, 2006 жылғы спортшылар. Мәселен, Өнер Сейілхан, Санжарәлі Бегалиев бірінші орын алмаса да, салқынқандылық танытып, жақсы бокс үлгісін көрсете білді. Нәтиже жаман емес. Қосалқы құрам мықты, Қазақстан боксының болашағы бар деп үміттенемін. Әрі қарай дайындықты шыңдай түсеміз», - деді Қайрат Сәтжанов.
Қайрат Сәтжанов алдағы шағын және маңызды жарыстарға тоқталды.
«Алда Моңғалия және Қырғызстанда өтетін турнирлер бар. Сондай-ақ Таиландта өтетін Thailand Open, Чехиядағы жарыстар күтеді. Алдағы оқу-жаттығу жиындарынан кейін спортшыларымыз турнирлерге аттанады. Бұл кішігірім жарыстар жас спортшыларымыздың өзін көрсетуі үшін таптырмас мүмкіндік. Ең басты жарыстарымыздың бірі Астанада өтетін Әлем кубогының екінші кезеңі болмақ, бұл жарысқа 1-2 нөмірлі боксшыларымыз қатысады», - деді бас бапкер.