
Ол спорттан кейін бизнеспен айналысқысы келеді
Мексикалық даңқты боксшы Сауль «Канело» Альварес (62-2-2, 39 КО) мансабын қашан аяқтайтынын айтты.
The Ring басылымына берген сұхбатында ол бүкіл өмірін боксқа арнағанына қарамастан, спортпен қоштасатынына еш уайымдамайтынын алға тартты.
«Боксты ерекше сағынатыным анық, бірақ кетеді екенмін деп уайымдамаймын. Боксты шын жүректен жақсы көремін, бірақ бұдан былай басқа салаларға, әсіресе бизнеске көңіл бөлгенім жөн. Мен үнемі 35 пен 38 жас аралығында спорттан кетемін деп айтатынмын және бұл шешімімді өзгертпеймін. Бокста қалағанымның бәріне қол жеткіздім, енді ақша үшін қалудың қажеті жоқ, себебі ақша ешқашан жетпейді», - деді 34 жастағы боксшы.
Альварес келесі жекпе-жегін 3 мамырдан 4 мамырға қараған түні Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткізеді. Ол екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атағы үшін IBF белбеуінің иегері кубалық Уильям Скуллмен (23-0, 9 КО) кездеседі.