
Бекембетов Амантаевты шәкіртін ұрғаны үшін сынға алып, оны 10 раундтық жекпе-жекке шақырған
Қазақстандық бокс ардагерлері – «Мотиватор» лақап атымен танымал Әнуарбек Бекембетов пен Мұхит Амантаев 6 маусым күні жекпе-жек өткізеді.
Былғары қолғап шеберлері Алматыда өтетін кәсіби бокс кешінде жұдырықтасады. Шараны All Stars Boxing промоутерлік компаниясы ұйымдастырады. Кездесу қай салмақ дәрежесінде және қанша раундқа жоспарланғаны әзірге айтылған жоқ.
«AllStarsBoxing 4 турниріне дейін кері есеп басталды. Дәл бір айдан соң, 6 маусымда Алматыда үлкен жекпе-жектер өтеді», - деп ұйым бокс кешінің постерін жариялады.
Еске сала кетсек, бұған дейін 39 жастағы «Мотиватор» мен 37 жастағы Амантаев арасында желіде дау туындаған. Бекембетов Амантаевты шәкіртін ұрған видеосы үшін сынға алып, оны 10 раундтық жекпе-жекке шақырған. Мұхит Бекембетовке сабақ беруге дайын екенін мәлімдеген.