
Қарсылас Мексикадан немесе Чилиден келеді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы қыз Ангелина Лукас (14-1, 7 КО) өзінің IBO чемпиондық титулын Қазақстанда қорғамақшы. Бұл туралы ол Sport+ телеканалына берген сұхбатында айтты.
«Мен IBO титулын Қазақстанда қорғауды жоспарлап отырмын. Үлкен жекпе-жек болады, жуырда бәрін ресми хабарлаймыз. Үйде бокс кешін ұйымдастыру өте қиын. Бірақ, біз нағыз мықты боксшылар жұдырықтасатын турнир өткізбекшіміз. Бұл үшін маған қазір менің командам және мені Қазақстанда көргісі келетін азаматтар көмектесіп жатыр. Идея менікі. Адамдар келіп, менің мықты боксшылармен жұдырықтасқанымды көрсін. Әзірге Мексика немесе Чилиден қарсылас қарастырып жатырмыз», - деді Лукас.
Еске салайық, биыл жиырма күн ішінде Ангелина Лукас үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де жеңіске жетті. Ол бүгінде IBO, WBF, WIBF, WBC белбеулерінің иесі.