
Ол бұл әрекетін өз-өзін қорғау деп түсіндірді
Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас SPORT+ арнасына берген сұхбатында ер адаммен болған жанжал соңы төбелеске ұласқаны туралы айтты.
«Ол маған қарай атылып, қолын сермеп, ұрғысы келді, сол кезде менде рефлекс іске қосылды. Яғни өзім қарсы соққы жасап, оның бір тісін сындырдым. Осылайша оның өрескел әрекетін бір соққымен тоқтаттым. Осыдан соң көпшілік «Ангелина өте ашушаң, оған жоламау керек» деген сияқты пікірлер айтты. Мұны мен де естідім. Бірақ сондай сөздер неге тек әйелдерге қатысты айтылады? Неге ешкім сол ер адамның қызға қол көтеруге тырысқанын жазбады?» – деді Лукас.
Ол бұл әрекетін өз-өзін қорғау деп түсіндірді.
«Өзім дұрыс істедім деп ойлаймын. Әйел адам өз-өзін қорғай алуы керек. Иә, біз кәсіби спортшымыз, еш себепсіз күш қолдануға болмайды, бірақ егер саған қауіп төніп тұрса – қорғану керек. Оның үстіне мен оған ескерттім, шетке шықтым, соған қарамастан ол қайта келіп алды. Бірақ кейін екеуміз бейбіт тарастық, ол менен кешірім сұрады», – деп түйіндеді боксшы қыз.