
Назым Қызайбай – отандық бокс тарихында үш дүркін әлем чемпионы атанған жалғыз спортшы
Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Назым Қызайбай алдағы жоспарларын бөлісті.
Былғары қолғап шебері жаттығу залындағы даярлық сәтін көрсетті.
«Бір жылдың ішінде екі әлем чемпионаты. Алғашқысы – қалтада. Енді екіншісіне жол тартып барамын. Қазір дайындық қызу жүріп жатыр», – деп жазды чемпион Instagram парақшасында.
Назым Қызайбай – отандық бокс тарихында үш дүркін әлем чемпионы атанған жалғыз спортшы. Ол 2014 жылы Чеджуде, 2016 жылы Астанада және 2025 жылы Ниште үздік шықты.
Айта кетейік, 4-14 қыркүйек аралығында Ливерпульде (Ұлыбритания) World Boxing ұйымының аясында бокстан әлем чемпионаты өтеді. Егер Назым бұл аламанда да жеңіске жетсе, онда төрт дүркін әлем чемпионы атанады.