Қайрат Сәтжанов ұлттық құраманың жұмысына баға берді

02.06.2025, 15:08

Бас бапкер Астанада өтетін әлем кубогына Өзбекстаннан мықты құрам келетінін айтты

Қайрат Сәтжанов ұлттық құраманың жұмысына баға берді
Видеодан кадр

Бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Таиландта өткен халықаралық турнир нәтижелері, алдағы Әлем кубогы және жастар арасындағы дайындық туралы Қанат Байұзақовқа берген сұхбатында айтып берді.

Өзбекстаннан мықты құрам келеді

Алдағы Астана қаласында өтетін Әлем кубогы кезеңіне Өзбекстан ұлттық құрамасы өте мықты құраммен келмек.

«Бізге мәлім ақпаратқа сәйкес, Өзбекстан бұл додаға мына боксшыларын алып келеді: Азия чемпионы Асылбек Жалилов (50 кг), әлем чемпионы Миразизбек Мирзахалилов (55 кг), Париж Олимпиадасының чемпиондары Абдумалик Халоков (60 кг) пен Асахуджа Муйдунхуджаев (65 кг), сондай-ақ Фазлиддин Еркинбоев, Жавохир Умматалиев, Акмалжон Исроилов және Тұрабек Хабибуллаев сынды спортшылар бар», – деді Сәтжанов.

Куба мен Украина қатыса ма?

Сәтжановтың айтуынша, оқу-жаттығу жиынына АҚШ, Канада, Бразилия, Аустралия, Ұлыбритания, Ирландия елдері қызығушылық танытып отыр. Куба жақында ғана World Boxing ұйымына қосылғандықтан, бұл сынға қатысуы мүмкін. Ал Украина құрамасы жайлы нақты мәлімет жоқ.

Азия чемпионаты қашан өтеді?

Тамыз айына жоспарланған Азия чемпионатының нақты өтетініне қатысты сұраққа Сәтжанов былай жауап берді:

«Қазіргі сәтте бұл жарыстың өту-өтпеуі нақты белгісіз. Бірақ ұлттық құрамада 69 боксшы бар. Олар жыл басынан бері түрлі халықаралық турнирлерде өздерін көрсетті. Сондықтан турнир өтетін болса, дайын құрам бар», – дейді бас бапкер.

Жастар құрамасы күшейіп келеді

Шри-Ланкада 22 жасқа дейінгілер арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Ерлер 10 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды.

«Бірақ бұл турнирге Өзбекстан, Жапония, Корея, Қытай секілді елдер мықты құрам жіберген жоқ. Енді тамызда өтетін Азия чемпионатына Бақыт Сәрсекбаевпен бірге сапалы құрам жасақтаймыз. Құрамда Нұрсұлтан Алтынбек, Дәулет Төлемісов, Төрехан Сабырхан және Даниал Сапарбай сынды жастар бар», – деп атап өтті ол.

Thailand Open-дегі сенімді нәтиже

Жуырда ғана аяқталған Thailand Open халықаралық турниріне бапкер оң баға берді.

«Бұл жарысқа жақсы баға беремін. Төрехан Сабырхан «Странджа кубогынан» кейін жақсы тәжірибе жинады. Таиландта да өзін жақсы қырынан көрсетті. Ал Диас Молжігітовке финал алдында арнайы тактика жасадық. Ол тапсырманы сәтті орындап, чемпион атанды», – дейді Сәтжанов.

Асылжан Серікбай құрамадан тыс қалды ма?

Бас бапкер соңғы уақытта жарыстарда көрінбей кеткен Асылжан Серікбай жайлы да сұраққа жауап берді. 

«Ол 2025 жылдың басында құрамадан босатылған еді. Бірақ мамыр айындағы дайындық жиынына қатысты. Алматыда өткен Сағадат Нұрмағамбетовті еске алу турнирінде жеңіске жетті. Бірақ қазір оның 55 пе, 60 келіде ме – нақты салмағы белгісіз», – деді бапкер.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам