
Усик пен Дюбуа арасындағы қарымта жекпе-жек 19 шілдеде өтеді
Британиялық боксшы Дэниел Дюбуа украиналық Александр Усикке қарсы алдағы жекпе-жекке қатысты ойымен бөлісті. Ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атағы үшін Усик пен Дюбуа арасындағы қарымта жекпе-жек 19 шілдеде өтеді.
«Жекпе-жекке дейін аз ғана уақыт қалды, дайындық өте жақсы жүріп жатыр. Физикалық және психологиялық жағынан өзімді тамаша сезінемін. «Уэмбли» стадионында өнер көрсету мүмкіндігі бұйырғанына қуаныштымын. Бұл бүкіл әлем тамашалайтын үлкен оқиға болады. Жер шарының түкпір-түкпірінен келген көрермен алдында рингке шығуды асыға күтемін.
Менің мықты командам бар, әкем маған құнды кеңестер беріп жатыр. Артық эмоцияларға бой алдырмаймын, жинақы боламын және өз жұмысымды атқаруға дайынмын. Мені ештеңе тоқтата алмайды.Абсолютті чемпион атағын алу – бокстағы ең биік шыңды бағындыру деген сөз. Бомбалап тастаймын, ал ол маған қарсы ештеңе істей алмайды. Усик – әлемдегі ең мықты боксшылардың бірі, бірақ менің уақытым келді. Мен ауыр салмақтағы жойқын күшке айналғанымды дәлелдеймін», – деді Дюбуа Sky Sports арнасына берген сұхбатында.