
Ол осылайша өзінің аталмыш ұйымға қатысты ұстанымын білдіруге тырысқан тәрізді
Қазақстандық атақты боксшы Геннадий Головкин Астанадағы Әлем кубогында жанкүйер ұсынған IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) логотипі бар қолғапқа қол қоюдан үзілді-кесілді бас тартты. Ол осылайша өзінің аталмыш ұйымға қатысты ұстанымын білдіруге тырысқан тәрізді.
Головкин бұл әрекеті арқылы IBA-ны қолдамайтынын және қазіргі таңда беделді халықаралық қауымдастық мойындаған жаңа құрылым – World Boxing ұйымын қолдайтынын ашық көрсетті.
Еске салсақ, соңғы жылдары Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) IBA-ның ішкі басқару дағдарысы мен қаржылық ашықтықтың жоқтығына байланысты бұл ұйымды Олимпиада бағдарламасынан шеттетті. Осы жағдайдан кейін АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Қазақстан сынды алдыңғы қатарлы бокс державалары IBA құрамынан шығып, оның орнына жаңа, тәуелсіз және әділ ұйым – World Boxing қатарына қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл ұйым Олимпиадалық бокс спортын сақтап қалу мақсатында құрылған.