
Алғашқы жекпе-жек тоғызыншы раундта аяқталса, бұл жолы мәселе бесінші раундта шешілді
Кәсіпқой бокстан аса ауыр салмақта өнер көрсететін украиналық Александр Усик британдық Даниэль Дюбуаны нокатупен жеңді. Осылайша ол осы салмақ дәрежесінде әлемнің абсолютті чемпионы атанып отыр.
Айта кетейік, Усиктің жасы 38-де болса, қарсыласы 27 жаста. Екеуі бұған дейін жұдырықтасып, ол кезде де украин боксшысы жеңіске жеткен болатын. Қарымта матчта Дюбуа реванш ала алмады.
12 раундқа жоспарланған жекпе-жек бесінші раундта аяқталды. Усиктің ауыр соққысынан кейін рефери алдымен нокдаун санаған болатын. Дюбуаның аяқтан тұрғаны сол екен, тағы да ауыр екі соққы алып, есін жия бірден алмады.
Еске салайық, бірінші жекпе-жекте де Усик нокаут тіркеген еді. Ол кезде матч тоғызыншы раундта аяқталды.
Александр Усик барлығы 24 жекпе-жек өткізіп, оның бәрінде жеңіске жеткен, 15-і нокаутпен. Ал, Дюбуаның 24 жеңісі (21-і нокаутпен) мен үш жеңілісі бар.
«38 жастағы адам – жас адам. 38 жас – бұл тек бастауы ғана. Неге менің реванштарым үнемі сәтті аяқталады деп сұрайды. Шынымды айтсам, білмеймін. Тек осы Уэмбли стадионына келіп, мені қолдаған барша жанкүйерге рахметімді ғана айтқым келеді», - деді Александр Усик жекпе-жектен кейін.
Украиналық боксшы бұған дейін жартылай ауыр салмақта өнер көрсетіп, ол жақта да әлемнің абсолютті чемпионы атағын жеңіп алған.