
Отандасымыз Оңтүстік Корея өкілі Енжи Кимді жеңді
Бангкок қаласында жастар (U19) және жастар арасындағы (U22) Азия чемпионаты ресми түрде басталды. Аталған дүбірлі дода World Boxing U19 ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Қазақстан құрамасы сапынан алғашқы болып шаршы алаңға шыққан Диана Серікбаева 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетуде. Жарыстың алғашқы кезеңінде ол Оңтүстік Корея өкілі Енжи Киммен кездесіп, тартысты басталған жекпе-жекті бірінші раундта-ақ өз пайдасына аяқтады.
Кездесу барысында төреші кореялық спортшыға екі мәрте нокдаун санағаннан кейін жекпе-жекті тоқтатуға шешім қабылдады. Нәтижесінде Диана Серікбаева айқын басымдықпен жеңіске жетіп, Азия чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
Енді отандасымыз 5 тамыз күні Жапония боксшысы Мамоко Хасебемен ширек финалдық жекпе-жекке шығады.