
Соңғы рет қос боксшы Париж Олимпиадасының ширек финалында кездескен
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов жуырда Бішкекте кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Бұл кеште филиппиндік боксшы Кристиан Леганемен (6-1-3, 4 KO) қолғап түйістіріп, айқын басымдықпен ұтқан еді. Осыдан кейін боксшы өзінің әуесқой бокстағы байырғы қарсыласы өзбекстандық Хасанбой Дусматовпен кәсіпқой бокста жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді.
«Хасанбой Дусматовпен әуесқой бокста қаншама рет бәсекелестік. Енді кәсіпқой бокста жұдырықтассақ, өте тамаша болады деп ойлаймын. Бірақ бұның бәрі промоутердің еншісінде. Кәсіпқой бокста бәрі келісіммен ғой. Қос тарап келісіп жатсақ, жекпе-жек өткізуге дайынмын. Қарсы емеспін», — деді Сәкен Бибосынов Pulse Fighting арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, соңғы рет қос боксшы Париж Олимпиадасының ширек финалында жолығып, төрешілердің шешімімен Хасанбой Дусматов жеңіске жеткен. Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматов әуесқой бокстағы мансаптарында 4 рет жекпе-жек өткізіп, 3-де өзбек боксшысы басым түскен.