
Ойша Тоировадан басым түсті.
Тайланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан жастар (U-19 және U-22) арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы бір алтын медаль түсті.
Бұл жолы 22 жасқа дейінгілер арасында Бақыт Сейдіш тарихи жеңіске жетті. Ол 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Ойша Тоировадан басым түсті.
Алғашқы раундта Тоирова 3:2 есебімен жеңіске жеткенімен, екінші кезеңде Сейдіш айқын басымдық танытып, 5:0 есебімен ұтты. Финалдық гонгтан кейін 5:0 есебімен жеңімпаз деп Бақыт Сейдіш танылды. Ол алтын медаль иеленсе, Ойша Тоирова жастар арасындағы біріншіліктің күміс жүлдегері болды.
Айта кетейік, биыл мамыр айында Бақыт Сейдіш Шри-Ланка астанасы Коломбода өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаздардың бірі атанған болатын. Бұл жарыс ASBC және IBA қолдауымен өтіп, Қазақстан жалпы есепте 41 алтын медаль жеңіп алған еді.