
Хулио Сезар Ла Крус аса ауыр салмаққа ауысты
Қазақстанның басты қарсыластарының бірі Куба әлем чемпионатына қатысатын боксшылар құрамын жариялады
Куба ұлттық құрамасы 4–14 қыркүйек аралығында Ливерпульде өтетін World Boxing нұсқасы бойынша алғашқы әлем чемпионатына қатысатын спортшылар тізімін жариялады.
Басты жаңалық – аты аңызға айналған Хулио Сезар Ла Крус аса ауыр салмаққа (90 келіден жоғары) көтерілуі. Төрт дүркін әлем чемпионы әрі Рио-2016 және Токио-2020 Олимпиадаларының екі дүркін жеңімпазы ұзақ жылдар бойы жартылай ауыр салмақта қарсылас шыдатпаған. Енді ол ең ауыр дивизионда күш сынамақ.
Тағы бір маңызды есім – 2024 жылғы Париж Олимпиадасының чемпионы Эрисланди Альварес (65 кг дейін). Жас жұлдыз Кубаның жаңа көшбасшысы атанып, Ливерпульдегі жарыстың басты назарындағы спортшыға айналмақ.
2023 жылғы әлем чемпионатында (Ташкент) Куба боксшылары 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған еді. Сол жарыста көшбасшылар қатарында Өзбекстан (5 алтын) мен Қазақстан (4 алтын) болды.
Көпшілік мамандардың пікірінше, дәл осы үш құрама – Қазақстан, Өзбекстан және Куба – Ливерпульде медаль кестесінің алғашқы орындары үшін таласады.
Қазақстан құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Әр салмақта төрт боксшыдан өзара кездесіп, үздік анықталуда.
Өзбекстан құрамасы 17 тамызда Англияға аттанып, Шеффилд қаласында оқу-жаттығу жиынын бастады. Әйелдер командасы 20 тамызда қосылады. Бұл дайындық 1 қыркүйекке дейін жалғасып, әлем чемпионаты алдындағы соңғы кезең болмақ.