
Бізге командалық орындарға талпынуды доғару керек
2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев «Қазақ боксшылары арасында «өзбек синдромы» бар ма?» деген сұраққа жауап берді.
«Өзіміз өзбек құрамасын асыра дәріптеп, өзіміз сол «синдромды» қалыптастырып отырмыз. Шын мәнінде, өзбек боксы айтарлықтай өзгерген жоқ - әлі де сол күшке сүйенетін бокс күйінде қалды. Өзгерген бір нәрсе ғана бар: олар бізге өздерінің стилін таңа алды.
Қазақ боксының мектебі әрқашан аяқпен жұмыс істеуімен, алдамшы қимылдарымен, түрлі тактикаларымен ерекшеленетін. Ал қазір біз осыны жоғалтып алдық.Бірақ бұл «синдромды» өзіміз қолдан жасап алдық.Бізге командалық орындарға талпынуды доғару керек. Біздің басты жарыстарымыз - Азия ойындары мен Олимпиада ойындары.Кім көп, кім аз медаль алды деп санауды қою керек. Бұл басты көрсеткіш болмауы керек», - деді жаттықтырушы Sport talks podcast YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, қазір Бақыт Сәрсекбаев - Қазақстанның (U22) бокс құрамасының бас бапкері.
Еске салсақ, Бақыт Сәрсекбаев Павлодар облысында дүниеге келген. Балалық шағын ата-әжесінің қолында - Ташкент облысындағы Табақсай ауылында өткізді. Боксқа 12 жасында келген. Оның алғашқы ірі халықаралық жеңісі — «Сидней Джексон мемориалы».
Болашақ Олимпиада чемпионы Қазақстан құрамасына ауысқанға дейін 7 мәрте Өзбекстан чемпионы атанған.